Головатюк Владимир Михайлович

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы
Блог

Аягөз аудандық мәслихатының тарихы

Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 20 жыл

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздің  даму бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды жүзеге асыратын сан салалы Заңдардың дүниеге келгені белгілі.  Солардың бірі - 1993 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» №4100 Заңы болатын. Осы Заңды негізге ала отырып, 1994 жылы елімізде тұңғыш рет мәслихаттар институты енгізілді.
Еліміздің, Конституциясымен белгіленген мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын екі органның бірі, өкілді орган-мәслихаттардың құрылғанына биыл 20 жыл болды. Мәслихат облыстың, ауданның, қаланың халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын орган ретінде тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатыр.
Өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін облысымызда, ауданымызда қаншама қыруар еңбек атқарылғанын аңғару қиын емес. Оңдаған әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, елді мекендерге ауыз су тартылып, жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылды. Кәсіпкерлік көк жиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Осындай оңды істердің бәрінде мәслихаттардың өзіндік қолтаңбасы бар. Ауданның даму бағдарламаларынан, бюджетінен бастап, әр түрлі комиссиялардың мүшелеріне дейін аудан өміріне байланысты барлық мәселелер мәслихатар арқылы өтіп, мәслихат бекітеді. Атқарушы органның барлық басшылары мәслихат алдында есеп береді.
Төл тарихымыздың еншісіне алтын әріптермен жазылған солбір 1994 жылдың 7 наурызында мәслихат сайлауы өткізіліп аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі мәслихаттар өмірге енді.
Еліміздің сайлау туралы арнаулы заңдарына сәйкес аудан аумағы 15 округке бөлініп, 3 мыңға тарта сайлау құқығы бар азаматтардан бір депутат сайланды.
Депутаттыққа кандидаттарды саяси партиялар ұсынды, өзін-өзі ұсынғандар да болды. Бүгінгі күні  15 аудандық мәслихаттың депутатынан 13  «НұрОтан» партиясынан, 1 депутат «Ақжол»,  1 депутат Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан.  
Барлық бес шақырылымдағы Аягөз аудандық мәслихатының депутаттар корпусы – бұл ауданымыздың мекеме, кәсіпорындарының басшылары,  мектеп директорлары, медициналық мекемелердің бас дәрігерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, теміржолшылар және т.б. Олардың көпшілігі өздерін әртүрлі қызмет салаларында табысты көрсетіп, ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік саласына біршама үлес қосты. Сонымен бірге депутаттар – ешқандай артықшылық бермейтін, негізгі жұмыстан босатпайтын, бірақ көп уақыт пен күш-жігерді алатын жауапты, қоғамдық маңызды іспен айналысатын адамдар.
Мәслихаттың өткен шақырылымдарында Ахметов Төлеубай Қалибекұлы, Салқымбаев Қадырбек Салқымбайұлы, Көтелбаев Амантай Баймұхаметұлы, Темеков Мұхтар Әбдікәрімұлы, Дюсегулов Оралғазы Омарбайұлы, Жоламанов Нұрланбек Тоқайұлы сынды салиқалы да саналы азаматтар өз міндеттерін абыроймен атқарды. Мәслихаттың үш шақырылымына сайланған депутаттар Дуйсенбаев Нұртөлеу Тобағұлұлы, Шакиров Асан Қапайұлы өз қызметтерін ары қарай жалғастыруда.
Бүгінгі бесінші шақырылымның депутаттары Смагулов Ерік Мейрамғазыұлы, Молдашева Ләззат Тұрсынқызы, Ақбаев Айтқали Төлеуғалиұлы, Жәкенбаев Дулат Қуатбекұлы, Кусагов Бауыржан Хамитұлы сияқты азаматтармен толықтырылды. Алғаш рет сайланғандарына қарамастан бұл депутаттар үлкен білгірлік танытып, депутат міндетін бірден атқарып кетті.
Депутаттар Дүйсенбаев Жұмағали Есенгелдіұлы, Ибраимов Серік Жақыпбекұлы, Тоқтабаев Нұрлан Төлегенұлы, Саңқайбаев Ерлан Өртбайұлы және Айнамқұлов Тимур Оралханұлына жоғары іскерлік шеберлік, сирек ұйымдастырушылық пен жұмысқа деген аса жауапкершілік қасиеттері тән. Жауапкершілік, іске өздерінің білімі мен тәжірбесін сала білу, шапшан және табанды мақсатқа жете білуі жалпы халықтың құрметіне ие.
Аудандық мәслихат депутаттары соңғы 2  жылда елуге тарта жағдайы жоқ тұрғындарға өз қаражаттарынан көмек жасады. Өз қаражатына көпір салып, балалардың ойын алаңын сатып алып, мектептердің, ауылдардың қысқы, жазғы жұмыстарына меншік техникалары мен көмек жасады.
Жыл бойы атқарушы билік бөлімдерінің әр сала бойынша алты басшысының есебі тыңдалады, бұл есептерде тұрғындардан түскен сауалдар негізінде сұрақтар қойылып, сала жұмысына баға берілді.
Аудандық мәслихат депутаттарының үнемі назарында тұрған үлкен мәселелер қаладағы салынып жатқан екі мектептің, бала-бақшаның құрылысының сапалы аяқталуын, қаланы сумен жабдықтау жұмыстарының сапасын, қаланың шет аймақтарына автобус жүргізу үшін жолдарын жөндеу, көшелерін жарықтандыру жұмыстары.
Қазіргі таңда осы айтулы мерекені атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, біршама дайындық жұмыстары өткізілуде. Алғашқы қалыптасқан жылға қарағанда соңғы заңнамалық өзгерістерге сай рөлі біршама күшейтілген мәслихаттарды ел игілігі үшін атқарылар мәнді де мазмұнды жұмыстар күтуде. Мемлекет Басшысы атап өткендей «Қазіргі буынның маңдайына тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны нығайтып, баянды ету міндеті қатар жазылды».
Бұл міндеттерді абыроймен атқару - әрбір азаматтың қасиетті парызы. Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат – мемлекетімізді одан әрі нығайту, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету.