Головатюк Владимир Михайлович

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы
Блог

Катонқарағай аудандық мәслихатының  тарихы

Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары еліміздің  даму бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды жүзеге асыратын сан салалы Заңдар дүниеге келді.  Солардың бірі 1993 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы болатын. Бұл Заң жергілікті мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енгізді. Өкілетті органдар – мәслихат, ал жергілікті атқарушы органдар – әкімнің басшылығымен жергілікті әкімшілік деп аталды. Мәслихат пен әкімшілік «мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары» деген ортақ атаумен бірікті. Қазақстан Республикасы негізгі Заңы Конституциямен жергілікті мемлекеттік басқарудың негіздері белгіленді. Осы Заңды негізге ала отырып, елімізде тұңғыш рет мәслихаттар институты енгізілді. Жергілікті Халық депутаттары кеңесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

1994 жылы 7 наурызда тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық сипаттағы тұңғыш сайлауы болып өтті. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – депутаттыққа өз кандидаттарын түрлі партиялар, қоғамдық құрылымдармен бірге жеке адамдар өзін-өзі ұсынуы болды. Бұл демократияның шынайы көрінісі болып табылды. 1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Мәслихат-Депутаттар жиналысының атауы Мәслихат болып өзгертілді. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының еншісіне кіретін әр деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны біздің ауданымызда да  өз деңгейінде өткізіліп, тиісті депутаттар сайланды. 1994 жылы 30 наурызда болған бірінші сессияда 17 депутаттан тұратын Катонқарағай аудандық  Мәслихат-Депутаттар жиналысының хатшысы болып Сансызбаев Мейрам Базарханұлы сайланды. Ол аудан әкімінің орынбасары болып ауысқаннан кейін хатшы болып Тасубаева Гаухар Қисақызы сайланды. 15 депутаттан тұратын Большенарым аудандық  Мәслихат-Депутаттар жиналысының хатшысы болып Хамзин Жомарт Құмарбекұлы сайланды. 1997 жылы екі аудан бірігіп, Катонқарағай ауданы болған кезде 32 депутаттан тұратын аудандық мәслихаттың хатшысы болып Тамырбаев Қанапия Дауытханұлы сайланды. Бірінші шақырылым депутаттары өз жұмыстарын өкілеттік мерзімдері аяқталғанға дейін нәтижелі атқарды.1999 жылдың қазан айында сайлау округтерінің саны ықшамдалып, он үш сайлау округінен депутаттар сайлауға түсті. Халықтың сеніміне ие болып, көп дауыс жинақтаған он үш депутат бірінші сессияда өз араларынан Тамырбаев Қанапия Дауытханұлын  аудандық мәслихаттың хатшысы етіп екінші қайтара сайлады. 2003 жылы қыркүйек айында аудандық мәслихаттың үшінші шақырылымының  депутаттары жасақталып, аудандық мәслихаттың хатшысы болып №8 Катонқарағай сайлау округінің депутаты Жөндібаев Халел Сәрсенбіұлы сайланды. Сол жылдары аудандық мәслихаттың аппараты кеңейтіліп, мәслихат жұмысы кәсіби жағынан шыңдала түсті. Аудандық мәслихаттың төртінші және бесінші шақырылымдарында мәслихат хатшысы болып Бралинов Дүйсен Зағыпыранұлы сайланды. Қазіргі таңда мәслихаттың он үш депутаты  Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңын және мәслихат Регламентін басшылыққа ала отырып  өз жұмыстарын атқаруда. Мәслихаттың тұрақты негізде жұмыс істейтін үш комиссиясы бар. «Нұр Отан» партиясынан сайланған он екі депутаттан тұратын бір фракция тіркелген. Мәслихат  пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ететін мәслихат аппаратында бес мемлекеттік қызметкер және үш қамту қызметкері еңбек етеді.